Жаңалықтар

Халық кеңесі туралы заң жобасы парламентте қаралады

Парламент
Парламенттің төменгі палатасы жаңа институт туралы заң жобасын пысықтайды / фото: Асқар Ахметуллин

6 сәуірде Мәжіліс «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Осы құжат бойынша бірлескен комиссиясының құрамына мәжіліс депутаттары Ерлан Сайыров, Аманжол Әлтай және Наталья Дементьева кірді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда жаңа саяси институт – Халық кеңесін құру туралы ұсынысты алғаш рет президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурызда Қызылордада өткен Құрылтайда жариялаған. Жаңа құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын біріктіреді.

Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді, ал төрағаларын президенттің өзі тағайындайды. Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Ал жиыны жылына бір рет өтеді.

Сонымен бірге этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері Қазақстан халқы Ассамблеясынан Халық кеңесіне өтеді. Ал әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу де жаңа институттың құзыретіне беріледі.