Жаңалықтар

Президент Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтады

фото: Ақорда
фото: Ақорда

Президент, Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. Біртұтас Қазақстан халқы мұны жақсы түсінеді. Наурыз айындағы конституциялық реформа – соның айқын дәлелі. Саяси науқан кезінде біз ең алдымен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, тарихи таңдауымызды жасадық. Бәріміз бір ел болып, жаңа Конституцияны қабылдадық. Мұны ұлт болашағына тікелей ықпал ететін аса маңызды шешім десек, қате болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мемлекеттігіміз бен егемендігіміздің мызғымас кепілі екенін атап өтті.

– Бас құжатта халқымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен бірегей құндылықтары көрініс тапты. Жаңа Ата заңда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, бірлігін күшейту бұлжымас қағидат ретінде айқындалды, – деді Тоқаев.

Президент бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.

– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дережесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы, биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Заң және тәртіп» идеологиясын орнықтыру жауапты әрі жасампаз патриотизм тығыз ұштасатын аса маңызды міндет.

–Біз құқықтық нигилизмге жол бермейтін, аңыздағы немесе қолдан жасалған «батырларды» емес, бұрынғы және бүгі нағыз қаһармандарды құрмет тұтатын үйлесімді қоғам құруымыз қажет. Туған елі мен халқының игілігі жолында адал қызмет еткен, ар мен намысты бәрінен биік қойған азаматтар жастарға үлгі болуға тиіс. Олардың қатарында қаза тапқаннан кейін ерліктері еленіп, орден-медальмен марапатталған әскерилер, полицейлер, құтқарушылар, арнаулы орган қызметкерлері де аз емес. Менің бастамаммен олардың есімдері көшелер мен түрлі мекемелерге беріліп жатыр. Мұндай тәсілді ведомстволық награды қатысты да пайдалануға болады. Осындай алғашқы марапаттың бірі – он бес жыл бұрын жанынан безген терроршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы медаль. Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, отандастарымыздың жарқын бейнесін жүрегімізде сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұның алдында Президент Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.