Жаңалықтар

Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының 1/8 финалында Жапонияға есе жіберді

настольный теннис, сборная Казахстана, чемпионат мира, Лондон
Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының 1/8 финалында Жапонияға есе жіберді / Фото: ҰОК

Үстел теннисінен Қазақстан ерлер құрамасы (әлемдік рейтингте 25-орын) командалық әлем чемпионатын аяқтады. 1/8 финалдағы матчта Қазақстан командасы Жапонияға (4-орын) 1:3 есебімен жол берді.

Алғашқы ойында Кирилл Герасименко Сора Мацусиманы 3:1 есебімен жеңіп, Қазақстан қоржынына бастапқы ұпайды салды. Бірінші партияда ұтылып қалғанына қарамастан, қазақстандық спортшы кездесу ағымын өзгертіп, келесі үш сетте басым түсті. Алайда одан кейін жапон командасы қатарынан үш матчта жеңіске жетті. Алан Құрманғлиев Томокадзу Харимотодан 0:3 есебімен ұтылса, кейін Айдос Кенжіғұлов та Шунсуке Тогамиге үш партияда есе жіберді.

Төртінші кездесуде Герасименко Харимотомен бетпе-бет келді. Қазақстандық теннисші алғашқы екі сетте лайықты қарсылық көрсеткенімен, қорытындысында Жапония құрамасы көшбасшыларының біріне 0:3 есебімен жол берді.

  • Кирилл Герасименко – Сора Мацусима – 3:1 (5:11, 11:8, 14:12, 11:7)
  • Алан Құрманғалиев – Томокадзу Харимото – 0:3 (7:11, 6:11, 6:11)
  • Айдос Кенжіғұлов – Шунсуке Тогами – 0:3 (8:11, 8:11, 8:11)
  • Кирилл Герасименко – Томокадзу Харимото – 0:3 (9:11, 9:11, 5:11)

Осылайша, біздің қос құрамамыз да әлем біріншілігіндегі өнерін аяқтады. Қазақстан әйелдер командасы 1/16 финал кезеңінде медалдар үшін күрестен шығып қалған болатын. Біздің спортшылар Швецияға 1:3 есебімен есе жіберді.

Үстел теннисінен командалық әлем чемпионаты Лондонда 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында 64 ерлер және 64 әйелдер командасының қатысуымен өтуде. Барлығы екі марапат жиынтығы сарапқа салынады.