
Экология вице-министрі Жомарт Әлиев Өскемендегі «Қазмырыш» зауытындағы жарылыстан кейін қаланың ауа сапасы тексерілгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаладағы ауа сапасының төмендеуі өңірдің географиялық ерекшелігі және метеорологиялық факторлармен де байланысты болуы мүмкін.
«Ауа сапасының нашарлау себептері әртүрлі болуы мүмкін. Қала ауасының желмен тазаруы қиын, ауа алмаспайды. Өскемен ойпат жерде орналасқаннан кейін, зиянды заттардың концентрациясы бірден көтеріледі», – деді ол.
Вице-министр қайғылы оқиға болған кезде экология департаментінің зертханалық қызметі оқиға орнына барып, ауа сапасын берден тексергенін айтты. Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК «Қазмырыш» кәсіпорнына санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерде атмосфералық ауа сапасына мониторинг бекеттерін орнатты.
«Қазіргі уақытта алынған сынамалар өңделіп жатыр. Қазгидрометтің соңғы мәліметтері бойынша, ауадағы зиянды заттардың шектен тыс мөлшері тіркелмеген», – деді Ж.Әлиев.
Тұрғындарға өтемақы төлене ме?
Вице-министр ауа ластанғаны анықталса, өтемақы төлеу тәртібін түсіндіріп өтті.
«Егер талдау қорытындысы бойынша зиянды заттардың шектен тыс мөлшері анықталса, штаттан тыс жағдай салдарынан қоршаған ортаға келген зиян есептеледі. Өкінішке қарай, тұрғындарға өтемақы төлеу қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың құзыретіне кірмейді», – деп нақтылады ол.
Инвесторлардың жауапкершілігі күшейтіледі
Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ірі кәсіпорындардағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту қажет деп тұжырымдайды. Ол Өскемендегі жаралсты бақылауда ұстап отырғанын айтады. Үкімет тарапынан да арнайы комиссия құрылды.
«Қазірг заңнамалық нормаларды жеке қарастырып жатырмыз. Егер тиісті заң шеңберінде өнеркәсіп қауіпсіздігін күшейтуге байланысты түзетулерді енгізу қажет болса, немесе инвесторлардың жауапкершілігін арттыруға байланысты өзгерістер енгізу керек болса біз оған дайынбыз», – деді депутат.
Айта кетейік, 5 мамырда таңертең Өскемен қаласының өндіріс аймағында орналасқан «Қазмырыш» компаниясы зауытында жарылыс болды. Қайғылы оқиғадан екі адам ажал құшты, тағы бесеуі жарақат алды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті «Қазмырыш» компаниясы зауытында болған қайғылы апатқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын басталғанын айтты.