Жаңалықтар

Қытайлар Семей қаласында тұрғын үй құрылысымен айналысады

қытай құрылысшысы
«Отбасы банк» салымшылары Қытай компаниясы тұрғызған үйлерден пәтер алады / фото: shutterstock

Семей қаласының жаңа ықшам аудандарында тұрғын үй құрылысымен қытай компаниясы айналысады. Өңір басшылығы оларға қолдау көрсетуге әзір. Облыс орталығында «Отбасы банктің» 90 мыңға жуық салымшысы бар, бірақ пәтер жетіспейді.

44 млрд теңге жатыр

6 мамырда өңір басшысы Берік Уәли қытай инвесторларымен кездесті. Аспан асты елінің делегациясын Huocheng County Weiye Real Estate Development Co Ltd компаниясының бас директоры Инь Цзяньхуа бастап келді. Жүздесуге «Отбасы банк» өкілдері де қатысты.

Берік Уәли және қытай инвесторы
Берік Уәли мен Инь Цзяньхуа / фото: shutterstock

Облыс әкімдігінің мәліметінше, кездесу барысында қаланың жаңа ықшам аудандарында тұрғын үй салу мәселесі талқыланды. Жергілікті билік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар сұранысын өтеп, тозығы жеткен апатты үйлер мәселесін шешкісі келеді.

Қазір өңірде 32 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 22 мыңнан астамы Семей қаласында тіркелген.

«Ал «Отбасы банктің» өңірлік филиалында 90 мыңға жуық салымшының 44 млрд теңгесі жатыр», – деп таратты әкімдік.

Берік Уәли мүддесі

Облыс әкімі «шетел инвесторларымен тұрғын үй жобаларын бірлесе жүзеге асыруға мүдделі» екенін мәлімдеген.

«Абай облысы қытайлық инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Өңірімізге келгендеріңізге рақмет. Тұрғын үй құрылысы саласын бірлесіп дамытуға және ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестік орнатуға әзірміз», – дейді әкім.

Әкімдік Huocheng компаниясының 2000 жылдан бері Қытай нарығында тұрғын үй және құрылыс саласында жұмыс істейтінін атап өтті. Шетелдіктер Семей қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

«Семейдің қарқынды дамып келе жатқан қала екенін байқадық. Біз заманауи, ақылды технологияларды пайдалана отырып, сапалы тұрғын үйлер салуға әзірміз. Қажетті құжаттар рәсімделген жағдайда жұмысты бастауға дайынбыз», – дейді Инь Цзяньхуа.

Берік Уәли тиісті басқармалар мен Семей қаласының әкімдігіне инвесторларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

Айта кетейік, 6 мамырда Мәжіліс қытай инвестициясын қорғауды көздейтін келісімді мақұлдады.