
Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының Первомайский кентінде түнде үш адамның өмірін қиған жол апаты болды.
YK-news.kz ақпаратына қарағанда, жас жігіттер мотоциклмен жүйткіп келіп, автокөлікке соғысқан.
Первомайский кенті әкімдігі марқұмдардың ата-аналарына, туған-туыстарына, жақындарына көңіл айтты.
«Күш пен сабыр тілейміз. Сондай-ақ мотоцикл мен автокөлік тізгініне отыратын балалары бар барлық ата-аналарға үндеу жасағымыз келеді. Өтінеміз, балаларыңызбен қауіпсіздік, жылдамдық режимін сақтау және жолдағы сақтық туралы сөйлесіңіздер», — деп хабарлады Первомайский кенті әкімдігі.
ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апаты туралы ақпаратты растады.
Айта кететін жайт, Қостанай облысында жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншіні қағып кеткен еді.