
Қазақстанда такси қауіпсіздігін бақылау күшейтіледі. Тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгеріс енгізілді.
Ұлттық экономика министрлігі ақпаратынша, енді тасымалдаушы такси қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті. Сонымен қатар, жаңартылған нысанда көлік құралы ауыстырылғанда және жаңадан көлік қосылғанда, яғни автопаркті жаңарту кезінде өзгеріс енгізу қарастырылған.
«Бұрынғы тәртіп бойынша, тасымалдаушы белгілі бір көлік құралына байланбайтын. Бұл жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларға немесе үшінші тұлғаға зиян келтірілген жағдайда жауапты адамды анықтауды қиындататын», – делінген министрліктің ақпаратында.
Осыған байланысты хабарлама нысаны көлік құралының маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін және шығарылған жылын көрсететін мәліметпен толықтырылды.
«Бұл шара жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне жауапты такси тасымалдаушысын жедел сәйкестендіруге, сондай-ақ нарыққа заңсыз қатысушылардың үлесін қысқартуға мүмкіндік береді», – делінген ақпаратта.
Айта кететін жайт, салық кодексіндегі өзгеріске қатысты такси платформалары мен үкімет келісе алмаған еді.