
5 сәуірде Түркістан облысы Аден Ата ауылында балабақша ғимараты өртенді. Бұл туралы осы өңірдің төтенше жағдайлар қызметі хабарлайды.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен уақытта бір қабатты балабақшаның шатыры жанып жатқаны анықталды. Олар дереу өртті сөндіруге көшті.
«От тұтанған уақытта ғимарат ішінде бала болмаған», – деп хабарлады құтқарушылар.
Құтқарушылар өртті толығымен сөндірді. От 244 шаршы метр жерді шарпып өтті. Ешкім зардап шекпеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын Өскемен қаласында «Қазмырыш» компаниясының зауытында жарылыс болған. Оқыс оқиғадан екі адам қаза тауып, бес адам жараланған.