
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда қанша Ұлы Отан соғысының ардагері қалғанын мәлім етті.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бүгінде көзі тірі 57 Ұлы Отан соғысының (ҰОС) ардагері қалған. Оның 14-і Алматы қаласында тұрады. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында – 6 ардагерден. Алматы, Қостанай және Павлодар облыстарында 4 ардагерден болса, Жамбыл және Түркістан облыстарында – 3 ардагерден тұрады. Ал Абай, Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында 1 ардагерден ғана қалған.
Ең қарт Ұлы Отан соғысының ардагері 105 жаста
Қазақстандағы ең қарт ҰОС ардагері 105 жаста. Ал олардың орташа жасы 101 жасты құрайды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісіне үлес қосқандар саны
2026 жылғы 1 мамырдағы дерекке сәйкес, ҰОС Жеңісіне үлес қосқан басқа санаттағы азаматтардың жалпы саны 33 443 адамды құрайды. Оның ішінде:
- қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 57 адам;
- концлагерьлердегі кәмелетке толмаған тұтқындары – 112 адам;
- ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 31 926 адам;
- ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгердің жесірі – 1 адам;
- соғыс жылдарында жарақат алып немесе аурудан қайтыс болған мүгедектігі бар азаматтардың жұбайлары – 1 347 адам.
Ардагерлерге мемлекет қанша жәрдемақы төлейді
Ведомствоның мәліметінше, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері зейнетақы төлемдерін алады. Ал мүгедектігі бар жағдайда оларға мүгедектік тобына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді.
Сонымен қатар өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан, республикалық бюджеттен ай сайын 16 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл шамамен 69 200 теңгені құрайды.
Айта кетейік, облыс әкімдіктері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Жеңіс күніне орай 5 млн теңгеден біржолғы төлем берді.