Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі БҚО-да малдың қырылуын аурумен байланыстырмайды

В Минсельхозе не считают массовой гибель скота ЗКО от болезней
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серікжан Қобланбаев

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Батыс Қазақстан облысында киіктердің қырылу дерегі тіркелгенін растады. Қазіргі уақытта мамандар оқиға орнында жұмыс жүргізіп жатыр.

«Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Кейбір малдан алдын ала пастереллез диагнозы анықталған. Сынамалар алынды, жақын уақытта нәтижелері күтілуде», – деді ол.

Десе де Азат Сұлтанов жағдай тұрақты деп сендірді. Ветеринар мамандар жергілікті жерде жұмыс істеп жатыр, ауыл шаруашылығы жануарларының жаппай қырылу қаупі жоқ екенін айтады. Сонымен қатар, тіркелген мал басына жоспарлы вакцинация жүргізілуде.

Киіктерден үй жануарларына пастереллез жұқты ма деген сұраққа вице-министр нақты жауап бере алмады.

«Киіктерден үй жануарларына аурудың тарағаны туралы құжатпен расталған дерек жоқ. Табылған өлекселер негізінен табиғи өлімді, ішінара ауру салдарынан болғанын көрсетеді. Жаппай жұғу жағдайы байқалмайды», – деді вице-министр.

Киік санын реттеу мәселесі

Вице-министр киіктер санын реттеу және ату мәселелері Экология министрлігінің құзыретінде екенін атап өтті. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі ет комбинаттарындағы ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, малды қауіпсіз сою, тасымалдау және етті өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруға қатысады.

Бұған дейін Атырау облысы әкімдігі Исатай ауданындағы малдың қырылу жағдайына түсініктеме беріп, жем-шөп қоры туралы деректерді жариялаған болатын.

Еске салсақ, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылы Қазақстан аумағында қанша ақбөкен ауланғанын жария етті. 2025 жылы ақбөкендер популяциясын реттеу аясында табиғи ортадан 196 173 жануар алынды. Енді шілде айында ел аумағында қанша ақбөкен қалғанын жария етпек.