Жаңалықтар

Банк қызметкері Ақтөбе тұрғынын алаяқтардан құтқарып қалды

Фото: Polisia.kz
Фото: Polisia.kz

Ақтөбеде полиция мен банк қызметкері алаяқтарға жем болғалы тұрған тұрғынды құтқарып қалды.

Polisia.kz. ақпаратына қарағанда, Ақтөбе қаласының тұрғынына ең алдымен өзін жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған. Ол атына сәлемдеме келгенін айтып, оны рәсімдеу үшін телефонға келген SMS-кодты хабарлауды сұраған. Тұрғын бұл сөзге сеніп, кодты айтып қойған.

Кейіннен оған тағы қоңырау түскен. Бұл жолы қоңырау шалушылар өздерін «eGov” қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар оның атына несие рәсімделіп жатқанын және банк шоттарында күмәнді операциялар анықталғанын айтып, жалған ақпарат берген. Осыдан соң әңгімеге өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған тағы бір адам қосылған.

Алаяқтар бірнеше күн бойы әйелге психологиялық қысым жасап, оны «қауіптің алдын алу» деген сылтаумен несие рәсімдеуге көндірген.

Алаяқтардың сөзіне сенген әйел банкке барып, несие рәсімдемек болады. Бірақ банк қызметкері клиенттің күмәнді хабарламаларға жауап беріп жүргенін байқап, алаяқтық белгілерін байқаған. Бұл туралы бірден киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесіне хабар берілген. Полиция қызметкерлері азаматты бөлімшеге жеткізіп, онымен түсіндіру жұмысын жүргізді. Алаяқтар одан 2 миллион теңге қағып алмақ болыпты.

Айта кететін жайт, Жамбыл облысы Жуалы ауданында бір алаяқ мүмкіндігі шектеулі азаматқа қайтарымсыз несие алып беруге уәде беріп, алдап кеткен еді.