Жаңалықтар

«Тәуелсіздік ұрпақтарының партиясы» – «Әділет» партиясының бағдарламасы бекітілді

Фото: Партия баспасөз қызметі

7 мамырда Астанада «Әділет» жаңа саяси партиясының құрылтай съезі ашылды. Залға елдің барлық өңірлерінен – облыс орталықтарынан, шағын қалалар мен аудандардан мыңнан астам делегат жиналды.

Бүгінгі таңда партия мүшелерінің саны 9312 адамға жетті, бұл заңмен белгіленген 5000 адамдық ең төменгі шектен екі есеге жуық көп. Өтінім бергеннен бастап съезге дейінгі жол бір айдан аз уақытты қамтыды. Бастамашы топ партия құрылатынын 15 сәуірде жарияласа, келесі күні Әділет министрлігі хабарламаның қабылданғанын растады. Үш аптаның ішінде мыңдаған жақтас жиналып, жарғы мен бағдарлама дайын болды.

Съездің «Тәуелсіздік ұрпақтарының партиясы» деген атауы алғашқы минуттардан-ақ бағыт-бағдарды айқындап берді. Ұйымдастырушылар жобаның «жоғарыдан» емес, нақты қоғамдық сұранысты рәсімдеу әрекеті екенін баса айтты.

Құрылтай съезі
Фото: Партия баспасөз қызметі

Ыңғайсыз сұрақтар

Ресми күн тәртібіне дейін сөзді журналистер алды. Басты сұрақ төтесінен қойылды: «егер бәрі әділдік пен адалдық туралы айтып жатса, Қазақстанға тағы бір партияның не керегі бар? Нақтылық қайда?» деді ол.

Бастамашы топтың мүшесі, тарихшы әрі кәсіпкер Бөріхан Нұрмұхамедов жауаптан қашқан жоқ. Ол басқа партиялар жекелеген салаларда – экология, аграрлық секторда жұмыс істейтінін түсіндірді. Ал «Әділет» әрбір адамға қатысты мәселелерді қолға алады.

«Кез келген қарапайым адамнан сұрасаңыз, ол өзіне не кедергі екенін айтып береді: бюрократия, қағазбастылық, парақорлық. Біз әрбір азамат күн сайын сезінетін осы нәрселер туралы айтып отырмыз», -деді Нұрмұхамедов.

Оның айтуынша, партия кездейсоқ пайда болған жоқ. Өзі парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мен Конституциялық комиссияның құрамында жұмыс істеп, қоғамда әлі күнге дейін саяси өкілдігі жоқ қуатты өзгеріс сұранысы жиналып қалғанына көз жеткізген.

Дәдебай партия төрағасы болып сайланды

Съездің алғашқы негізгі шешімі – төрағаны сайлау болды. Бұл лауазымға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай ұсынылды. Барлық делегаттар бір ауыздан келісіп, дауыс берді.

Фото: Партия баспасөз қызметі

Тағайындау съездің басты сигналдарының бірі болды. Мұндай аппараттық тәжірибесі бар адамның жаңа партия тізгінін ұстауы – үлкен институционалдық амбицияларды білдіреді. Дәдебай биліктің ішкі құрылымын жақсы біледі. Кулуарда аталған факт әртүрлі талқыланды: біреулер мұны артықшылық деп санаса, енді біреулері мұндай өмір жолы жаңару партиясының имиджіне қаншалықты сай келеді деген сұрақ қойды.

Жарғы: Есеп үшін емес

Төраға сайланғаннан кейін съезд жарғыны бекітуге көшті. Құжатты Нұрмұхамедов таныстырды.

Жарғы партияның толық құрылымын бекітті. Жоғарғы орган – съезд болып белгіленді, одан кейінгі сатыда саяси кеңес, кеңес бюросы және төраға орналасты. Құжат партияға кіру және одан шығу тәртібін, мүшелердің құқықтары мен міндеттерін, бақылау органдарының жұмысын және қаржылық қызметті реттейді.

Ашықтық туралы бөлім ерекше назар аударуға тұрарлық. Партия жыл сайын жұмысы мен қаржысы туралы есептерді ашық қолжетімді жерде жариялай отырып, жұртшылық алдында есеп беруге міндеттелді. Нұрмұхамедовтың айтуынша, бұл жай ғана ресми норма емес, принципті ұстаным.

«Осы жарғыны қабылдай отырып, біз жай ғана құжатты емес – біз халық алдындағы, қоғам алдындағы және болашақ алдындағы жауапкершілікті қабылдаймыз», – деді ол делегаттарға қарата айтқан сөзінде.

Оның айтуынша, құжаттың негізінде үш принцип жатыр: ашықтық, жауапкершілік және атсалысу. Әділдік туралы айтатын партия жұмысын әділ ережелер бойынша құруға тиіс.

Бағдарлама: Ұраннан нақты іске

Бағдарламаны екі спикер таныстырды. Саясаттанушы Марат Шибутов идеологиялық негізге тоқталса, бастамашы топ мүшесі әрі Астана өңірлік қаржы орталығының басқарушысы Ринат Бектұров жұмыстың нақты бағыттары туралы айтты.

Шибутов басты идеяны бірден айқындап берді: «Елдің дамуы әділдікке, жауапкершілікке, парасаттылық пен нақты іс-әрекеттерге негізделуге тиіс. Елге ұрандар мен популизмнің қажеті жоқ».

Бағдарлама бес құндылыққа негізделген: әділдік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс. Әрқайсысы жалпылама сөзсіз, нақты түсіндірілген. Әділдік – тең мүмкіндіктер мен мемлекеттің қоғамға деген адал қатынасы. Патриотизм – елге деген сүйіспеншілікті жай ғана жариялау емес, оның дамуы үшін жасампаздықпен жұмыс істеуге дайын болу. Жауапкершілік – билік те, азаматтар да өз іс-әрекеттері үшін жауап беретінін білдіреді.

Партия немен күресетінін ашық атап өтті. Басқаруда – жұмыс істеген болып көрінумен және жауапсыздықпен. Экономикада – монополиялармен, ысырапшылдықпен және шикізатқа тәуелділікпен. Қоғамда – кемсітушілікпен, архаизациямен және құқықтық нигилизммен.

«Әділетті Қазақстан – билік қоғам алдында есеп беретін, экономика елдің дамуы үшін жұмыс істейтін, ал азаматтар болашақ үшін өз жауапкершілігін сезінетін мемлекет», – деп түйіндеді Шибутов.

Бектұров алты нақты бағытқа көшті: Біріншісі, заң үстемдігі және қоғамда заңға деген құрмет мәдениетін қалыптастыру. Екіншісі, мықты мемлекеттік институттар және мемлекеттік қызметтегі меритократия – адам таныс-тамыр арқылы емес, білімі мен еңбегінің арқасында өсуі тиіс. Үшіншісі, өңірлерді теңдей дамыту және олардың қаржылық дербестігін кеңейту.

«Біздің міндетіміз – өмір сүру деңгейіндегі алшақтықты азайту, білім беруге, медицинаға және инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету», – деді ол.

Төртіншісі, азаматтық белсенділік және билікке қоғамдық бақылау жасау. Бесіншісі, әділ бәсекелес экономика, шағын және орта бизнесті қолдау. Алтыншысы атаулы әлеуметтік көмек – шынымен мұқтаж жандарға: балаларға, қарттарға және әлеуметтік осал топтарға.

Бағдарлама бірауыздан қабылданды.

Фото: Партия баспасөз қызметі

Съездің астарында не жатыр?

«Әділет» партиясы Қазақстанның саяси жүйесі қайта жаңғырып жатқан сәтте пайда болды. Партия жұмысының бастауын жаңа Конституцияның қабылдануымен тікелей байланыстырады және өзін жаңа форматтағы саяси күш ретінде таныстырады.

Партияның мықты тұстары қазірдің өзінде байқалады: аппараттық тәжірибесі мол төраға, сауатты дайындалған құжаттар, мүшелердің тез жиналуы және популизмге қарсы нақты риторика. Съезден кейін туындаған басты сұрақ қарапайым: партия әділдік туралы сөздерін нақты саяси нәтижелерге айналдыра ала ма? Бұған жауапты құрылтай съезі емес, алдағы бір палаталы парламент «Құрылтай» сайлауы береді.

Тіркеу

Бастамашы топтың құрамына 16 белгілі маман мен пікір көшбасшылары кіргені белгілі. Олардың қатарында қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы, саясаттанушы Марат Шибутов, кәсіпкер Андрей Лаврентьев, сондай-ақ балалар омбудсмені Динара Зәкиева бар.