Жаңалықтар

Айдын Рахымбаев пен жұбайы байлығының жартысын қайырымдылыққа жұмсамақ

Айдын Рахымбаев пен жұбайы байлығының жартысын қайырымдылыққа жұмсамақ / Фото: instagram.com/rakhimbaevaidyn

Белгілі кәсіпкер, BI Group компаниясының негізін қалаушы Айдын Рахымбаев пен оның жұбайы Анар Рахымбаева әлемдегі ең ірі филантроптар қауымдастығы – «Giving Pledge» («Жомарттық анты») бастамасына қосылды. Бұл туралы ерлі-зайыптылар ресми мәлімдеме жасап, арнайы хат жолдады.

Рахымбаевтардың басты мақсаттары

Кәсіпкер өз хатында жиған капиталын «өмірдің құндылығы емес, ізгілік жолындағы құрал» деп санайтынын жеткізді. Олардың қайырымдылық қызметі келесі үш бағытты қамтиды:

  1. Білім мен балалар болашағы: «IQanat» жобасы арқылы ауыл балаларына сапалы білім беру және «Ана үйі» арқылы жетімдіктің алдын алу.
  2. Денсаулық сақтау: Мұқтаж балаларға күрделі оталар жасау үшін әлемдік деңгейдегі дәрігерлерді тарту.
  3. Жаһандық тәжірибе: «Giving Pledge» қатысушыларының озық тәжірибесін Қазақстанның әлеуметтік түйткілдерін шешуге қолдану.

«Елдің несібесін елге қайтару»

Айдын Рахымбаев өзінің қарапайым отбасынан шыққанын және бүгінгі жетістігі – халқының сенімі мен Отанының берген мүмкіндігі екенін атап өтті.

«Бүгінгі капиталымыз – отыз жылдық қажырлы еңбектің жемісі. Біз жиғанымыздың жартысынан көбін көзіміздің тірісінде қоғам игілігіне жұмсайтынымызды ашық жариялаймыз. Бұл – біздің перзенттік парызымыз», – делінген хатта.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл шешімді оның жұбайы Анар мен балалары толық қолдаған. Рахымбаевтар бизнесі гүлденген сайын, жасалатын жақсылықтың да ауқымы кеңейе беретініне сенімді.

«Жомарттық анты» деген не?

Бұл – әлемдегі ең дәулетті адамдардың өз капиталының басым бөлігін көзі тірісінде немесе өсиет бойынша қайырымдылыққа жұмсау туралы көпшілік алдында беретін уәдесі. Бұл қозғалыстың негізін Билл Гейтс пен Уоррен Баффет қалаған.