
Алматыда бұрынғы әйелінің қыр соңынан қалмай, қудалаған ер адам ұсталып, жазаға тартылды.
Polisia.kz хабарлауынша, алматылық әйел бұрынғы жұбайының қудалауына байланысты полицияға арызданған.
«Полиция қызметкерлері дереу шара қабылдап, қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында заңға қайшы әрекеттердің болғанын дәлелдейтін айғақтар жиналды. Күдікті жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды», – делінген хабарламада.
Сот шешімімен ер адамға пробациялық бақылауға қою арқылы 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалған.
Жәбірленуші өз өтінішінде полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жедел әрекетін атап өтті.
«Полицияның дер кезінде әрекет етуінің арқасында қудалау тоқтатылып, өміріме тыныштық қайта оралды», – делінген өтініште.
Медеу аудандық полиция басқармасы бөлімінің бастығы Елдос Бақбергеновтың айтуынша, азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына нұқсан келтіретін кез келген қудалау түріне құқықтық тұрғыда қатаң баға беріледі.
Мұның алдында Ақтау тұрғыны бұрынғы сүйіктісінің интимді суреттерін таратқаны үшін сотталды.