Жаңалықтар

Алматыда дрифт жасаған жүргізушілер қамауға алынып, айыппұл салынды

Фото: Shutterstock
Фото: Shutterstock

Алматыда полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған екі жүргізушіні анықтап, жауапкершілікке тартты.

Polisia.kz хабарлауынша, олардың әрқайсысына бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен бір құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, екіншісіне айыппұл салынды.

Полиция мұндай құқық бұзушылықтарды кешенді түрде тіркеуге ерекше көңіл бөліп жатыр.

«Бір құқық бұзушыға бірнеше әкімшілік хаттама толтырылып, бұл жауапкершілік деңгейін арттырып, жазаның бұлтартпау принципін қамтамасыз етеді. Жолдағы агрессивті жүргізу мен дрифт – азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп. Біз мұндай фактілерге қатаң түрде әрекет етіп, барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартамыз», – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Ол жолда «шеберлік» көрсеткендердің міндетті түрде заң алдында жауап беретіндерін мәлімдеді.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырады.

Айта кететін жайт, Шымкентте де дрифт жасаған жүргізуші қамауға алынды.