
Алматыда Жетісу ауданындағы дәмханалардың бірінен өрт шығып, тұрғындарға қауіп төнді деп хабарлады ТЖМ.
Өрт шыққаны туралы хабарлама жетінші мамырдан сегізінші мамырға қараған түні 112 пультіне түскен. Құтқарушылар барғанда дәмхана толығымен отқа оранғанын көреді.
Бірден су тасымалдаушы автоцистерналарды шамамен 100 метр қашықтықта орналасқан өрт гидранттарына дереу қосып, өрт сөндіруге кіріседі. Артынша көрші үйдің екі тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген.
Өрт сөндіру кезінде дәмханадан 5 газ баллоны шығарылып, жарылыстың алдын алған. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Жетінші мамырда Астанадағы көп қабатты тұрғын үйдің балконынан өрт шыққан. Жалын жетінші, сегізінші қабаттарға да таралып үлгерді, бірақ ешкім зардап шекпеді.