Жаңалықтар

Екінші COVID емес: ДДСҰ хантавирустан әлемге қауіп жоқ деп мәлімдеді

«Екінші COVID емес: ДДҰ хантавирустың әлемге қаупі жоқ екенін айтты
ДДСҰ хантавирустың өршуіне қатысты түсініктеме берді/ Фото: REUTERS/Dado Ruvic

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сирек кездесетін «Андес» хантавирусының өршуіне қатысты түсініктеме берді. Ұйымның мәліметінше, хантавирус әлем үшін қауіп төндіріп тұрған жоқ.

Қазіргі уақытта сегіз адам ауру жұқтырғаны белгілі. Үш адам қайтыс болды. ДДҰ «Андес» штамының адамнан-адамға тығыз байланыс кезінде берілуі мүмкін екенін растады. Негізінен хантавирус – кеміргіштерден жұғып, ауа арқылы таралатын вирустар тобы.

Бұл вирустың инкубациялық кезеңі алты аптаға дейін созылуы мүмкін, сондықтан ДДҰ ауру жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелуі мүмкін екенін айтты.

«Бұл COVID-19 секілді пандемияның бастауы емес. Хантавирус бізге бұрыннан белгілі. Ол коронавирус сияқты таралмайды», – деп толықтырды ДДҰ-ның эпидемия мен пандемияның алдын алу мәселелері жөніндегі директорының міндетін атқарушы Мария ван Керхове.

Сонымен қатар Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі таралып жатқан вирус елге айтарлықтай қауіп төндірмейтінін айтты.

ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев вирус күшейтілген бақылаудағы аса қауіпті инфекциялар қатарына жатпайтынын айтты.

Бұған дейін Израильде хантавирус жұқтырған алғашы адам анықталғанын жазған едік.