
Израильде хантавирус жұқтырған алғашы адам анықталды. Дәрігердің айтуынша, науқас вирусты бірнеше ай бұрын Шығыс Еуропада жүргенде жұқтырып алуы мүмкін. Жергілікті билік әзірге науқас қай қалада тұратынын және инфекция қай медициналық орталықта анықталғанын жарияламады.
Пациент ауру белгілері пайда болғаннан кейін, медициналық көмекке жүгінген. Алдымен дәрігерлер антиденеге тест жүргізген, нәтижесінде хантавирус анықталған.
Jerusalem Post мәліметінше, науқас жағдайы тұрақты және ол дәрігерлер бақылауында. Оны қоғамнан оқшаулау қажеті жоқ екені айтылды.
Айта кетейік, хантавирус кеміргіштерден жұғатын, ауа арқылы таралатын вирустар тобы. Ол өкпе немесе бүйректің зақымдануы әкеп соғады. Ауру адам бойында тез дамып, тыныс алу жолдары нашарлайды.
Диагностика қою процесі ауру белгілерінің тұмауға ұқсастығына байланысты қиындай түседі. Дене қызуының көтеріліп, бас және бұлшықеттер ауырады, жүрек айнып, шаршау сезіледі.
Инфекция жұқтыру күдігі туындаған жағдайда, аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан кейін 72 сағат өткен соң қайта тест тапсыру қажет. Арнайы емі жоқ, тек демеуші терапия қолданылады.
Лайнердегі жағдай
Хантавирустың өршуі MV Hondius круиздік лайнерінде басталған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, вирустан Нидерландыдан келген ерлі-зайыпты мен бір неміс азаматы қайтыс болған.
Кем дегенде тағы сегіз адам вирус жұқтырғаны анықталды. Бортында 150-ге жуық адамы бар MV Hondius кемесі Испанияға бағыт алды және жексенбі күні Тенерифе аралына жетуге тиіс. Қазіргі уақытта бортта вирус белгілері бар жолаушылар жоқ.
Reuters агенттігінің жазуынша, аурудың таралуын болдырмау үшін әлем елдері круиздік лайнер Кабо-Верде жағалауына тоқтағанға дейін одан түсіп қалған жолаушыларды іздестіріп жатыр.
Вирустың өршуі туралы хабарламалар шыққанға дейін Санта-Элена портында кемеден 40-қа жуық адам түскен. Агенттік көптеген жолаушылар қайда екені әзірге белгісіз екенін атап өтті.