Жаңалықтар

Президент Алатау қаласы туралы заңға қол қойды

Алатау қаласының макеті
Арнайы мәртебеге ие Алатаудың болашақ келбеді / фото: Iconictowers

Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Мақсаты

Ресми мәліметте құжаттың «негізгі мақсаты – Алатау қаласының қарқынды әрі орнықты дамуы үшін жағдай жасау» деп көрсетілген.

Қала ерекше құқықтық мәртебеге ие. Билік оны экономикалық өсім үшін қолайлы орта құруға бағытталған дербес экожүйеге айналдырғысы келеді.

Заңға сәйкес, қаланы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі енгізілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, құмар ойындары, әлеуметтік сала, қаржы нарығы, архитектура мен қала құрылысы, экология әрі қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, спорт және тағы басқа салаларды реттеудің негізгі қағидалары белгіленді.

Қала резиденті

«Алатау резиденті» құқықтық мәртебесі бекітілді. Арнаулы мәртебені әкімшілік бірқатар санат бойынша жеке және заңды тұлғаларға береді. Арнайы режимнің қолданылу көлемі мен тиісті құқықтар, міндеттер мен талаптар осы резидент мәртебесіне қарай анықталады.

Шаһардың ұзақ мерзімді инвестициялық және технологиялық өркендеуі стратегиялық құжаттар негізінде қамтамасыз етіледі. Нақты айтқанда, Алатау қаласының ұзақ мерзімді даму жоспары, стратегиясы қабылданады.

Алатау қаласының инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерінің барлық дерегі бірыңғай цифрлық басқару платформасына біріктіріледі.

Сонымен қатар қаланың инвестициялық климаты мен инвесторларға берілетін кепілдіктері, салық-бюджет саясаты, дизайны мен жер қатынастары осы заң аясында реттеледі.

Конституциялық заң мәтіні баспасөзде жарияланады, деп хабарлайды Ақорда.