Жаңалықтар

Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің тізімі жарияланды: көш басында кім тұр

Ең бай 5 қазақстандық/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Forbes журналы Қазақстандағы ең дәулетті 75 кәсіпкердің кезекті тізімін жариялады. Биылғы рейтинг бизнесмендердің ірі капиталы өсіп қана қоймай, халықаралық нарыққа белсенді шығып, жаңа салаларды игеріп жатқанын байқатады.

Көш басында Вячеслав Ким

Вячеслав Ким үшінші жыл қатарынан елдегі ең бай бизнесмен мәртебесін сақтап қалды. Оның дәулеті бір жылда 700 млн долларға артып, 7,8 млрд долларға жетті. Кәсіпкердің негізгі табыс көзі – Kaspi.kz компаниясындағы 20,75% үлесі.

Компанияның 2025 жылғы түсімі 60%-ға өсіп, 4 триллион теңгеден асты. Айта кетерлігі, Kaspi-дің табысының төрттен бірі халықаралық нарықтан, әсіресе, Түркияның Hepsiburada платформасынан түсіп отыр.

Сонымен қатар Ким банк секторындағы ықпалын кеңейтіп, Ғалымжан Есеновтен «United Group Alatau» (бұрынғы First Heartland Securities) компаниясын және Alatau City Bank-ті толық сатып алды.

Владимир Кимнің байлығы қанша

Рейтингтің екінші сатысына Владимир Ким көтерілді. Оның байлығы 5,9 млрд долларға бағаланып отыр. Кәсіпкердің негізгі активі – KAZ Minerals тобы. 2024 жылдың қорытындысы бойынша топтың таза пайдасы 1,49 млрд долларды құрады.

Кәсіпкер бұған дейін өзіне тиесілі болған «Қазақмыс» корпорациясын Нұрлан Артықбаевқа сатып, Kazakhmys Copper құрылымы арқылы энергетикалық және сақтандыру активтерін шоғырландырды. Сондай-ақ оның иелігінде RBK Банкінің 84,81% үлесі бар.

Құлыбаевтар әулетінің әр саладағы дәулеті

Тимур мен Динара Құлыбаевтар рейтингтің үшінші сатысында тұр. Олардың әрқайсысының дәулеті 5,4 млрд долларға тең. Басты активі – Қазақстандағы ең ірі қаржы институты Halyk Bank. Банктің таза пайдасы бір жылда 15%-ға өсіп, 1,06 трлн теңгеге жетті.

Құлыбаевтар тек банк емес, мұнай («Каспий нефть»), ритейл (Viled), медицина (Emdeu) және коммерциялық жылжымайтын мүлік (Mercury Properties) салаларын да сәтті басқарып отыр.

Сонымен қатар Динара Кұлыбаева NNEF қоры арқылы еліміздегі ірі университеттер мен мектептерге инвестиция салып, білім беру саласында белсенділік танытуда.

Болат Өтемұратовтың байлығы артты

Биылғы тізімде ең үлкен өсім көрсеткендердің бірі – Болат Өтемұратов. Оның байлығы бір жылда 1,7 млрд долларға артып, 5,4 млрд долларға жетті. Байлығының артуына алтынның қымбаттауы мен бірқатар активтерді тиімді сатуы себеп. Соның есебінен Өтемұратов Құлыбаевтар әулетімен қатар бір сатыда тұр.

Кәсіпкер RG Gold алтын өндіретін компаниясын қытайлық инвесторларға 1,2 млрд долларға сатты.

Сондай-ақ Қырғызстандағы «Билайн» операторын мемлекетке өткізді. Өтемұратовтың негізгі назары қазір ForteBank-ті дамыту және Home Credit Bank-ті сатып алу арқылы банктік портфельді кеңейтуге бағытталған.

Тимур Турлов: финтех пен цифрлық экожүйе

Freedom Holding иесі Тимур Турлов 5,2 млрд доллар дәулетімен алтыншы орында. Оның компаниясы әлемнің 21 елінде жұмыс істейді. Турлов тек қаржы секторымен шектелмей, lifestyle бағытын – билет сату, тамақ жеткізу (Freedom Food), онлайн-супермаркет (Arbuz.kz) салаларын дамытып отыр.

Жақында ол Түркияның Turkish Bank үлесін сатып алу туралы келісімге келді, бұл оның халықаралық амбициясын тағы да дәлелдей түсті.

Көш басындағы үздік ондық:

Аты-жөніДәулеті (2026 ж.)Негізгі активтері
1Вячеслав Ким$7,8 млрдKaspi.kz, United Group Alatau
2Владимир Ким$5,9 млрдKAZ Minerals, Kazakhmys Copper, Банк RBK
3Тимур Құлыбаев$5,4 млрдHalyk Bank, ALMEX, Joint Resources
3Динара Құлыбаева$5,4 млрдHalyk Bank, ALMEX, Mercury Properties
3Болат Өтемұратов$5,4 млрдForteBank, Beeline, жылжымайтын мүлік
6Тимур Тұрлов$5,2 млрдFreedom Holding Corp.
7Ибрагимовтар әулеті$1,67 млрдERG, Евразиялық банк
8Нурлан Смағұлов$1,3 млрдAstana Motors, MEGA желісі, Mycar
9Айдын Рахымбаев$1,1 млрдBI Group холдингі
10Сәрсеновтер әулеті$972 млнНұрбанк, Helios, «Виктория» сақтандыру компаниясы


Еуразиялық топтың (ERG) мұрагерлері – Ибрагимовтар әулеті 1,67 млрд доллармен жетінші орында. Олар Қазақстанның тау-кен және металлургия саласындағы алпауыт кәсіпорындарына иелік етеді.

Биыл Forbes-тің жаһандық тізіміне Нұрлан Смағұлов (1,3 млрд доллар) пен Айдын Рахымбаев (1,1 млрд доллар) алғаш рет енген еді. Смағұловтың Astana Motors компаниясы Алматыда жаңа зауыттар ашып, автоөндіріс көшбасшысына айналды. Соның есебінен 75 кәсіпкердің арасында 8-орынға тұрақтаған.

Ал байлығы 1,1 млрд долларды құрайтын Айдын Рахымбаев 9-орында келеді. Оның BI Group холдингі Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Өзбекстан және Әзербайжан нарығында құрылыс жүргізіп жатыр.

Сарсеновтер отбасы болса 972 млн доллармен үздік ондықты түйіндеп тұр. Олардың бизнесі Нұрбанк, «Виктория» сақтандыру компаниясы, Helios жанармай бекеттері және «Ақсай» нан комбинаты сияқты халыққа жақын салаларды қамтиды.