
Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасы үйлестіруімен экологиялық талаптарға сай келмейтін жүк көліктерін елге заңсыз кіргізгендерге қатысты тергеуді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, бір топ адам бақылауындағы бірнеше ЖШС арқылы Қытайдан FAW маркалы жүк көліктерін импорттаған. Алайда техникалар «Еуро-2» экологиялық стандартына жатқанына қарамастан, құжаттарда «Еуро-5» ретінде көрсетілген.
Қазақстанда «Еуро-4» стандартынан төмен көліктерді әкелуге тыйым салынған. Соған қарамастан, күдіктілер кедендік рәсімдеу кезінде жалған қауіпсіздік сертификаттарын пайдаланған. Осы схема арқылы елге жалпы құны 284 млн теңгеден асатын 20 арнайы техника заңсыз кіргізілген. Кейін көліктер байланысы бар компаниялар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден астам сомаға өткізілген.
Сот шешімімен күдіктілердің 9 автокөлігі мен бір пәтеріне тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынса, тағы екі адамға елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.
ҚМА мәліметінше, экологиялық талаптарға сай келмейтін техниканы заңсыз әкелу ауа сапасына кері әсер етіп, халық денсаулығына қауіп төндіреді. «Еуро-2» стандартына жататын көліктер атмосфераға зиянды заттарды «Еуро-4» және «Еуро-5» техникасына қарағанда әлдеқайда көп бөледі.
Ресми дерекке сүйенсек, елде 1800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелген. Олардың иесі мемлекетке 11,8 млрд теңге көлемінде залал келтірген.