Жаңалықтар

«Сенсацияға орын жоқ»: БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуы Қазақстанға қалай әсер етеді

Мұнай нарығындағы бағаға қалай әсер етеді / Фото: shutterstock,

Біріккен Араб Әмірліктерінің ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығуы мүмкін деген ақпарат әлемдік нарықты елең еткізді. Десе де, Қазақстан үкіметі бұл жағдайдан ешқандай қауіп көріп отырған жоқ.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұнай нарығындағы баға құбылуына қарамастан, ел экономикасы үшін айтарлықтай қатер жоқ деп мәлімдеді.

ОПЕК аясында БАӘ-нің мұнай өндіру шегі тәулігіне 3,5–3,6 млн баррель деңгейінде белгіленген. Алайда елдің техникалық мүмкіндігі тәулігіне 5 млн баррельге дейін өнім шығаруға жетеді.

Жұманғариннің айтуынша, мәселе, ең алдымен, инвесторлар алдындағы жауапкершілік. БАӘ-нің мұнай секторына қомақты қаржы құйған шетелдік компаниялар инвестицияларының қайтарымын күтеді, ал өндірісті шектеу процесті тежейді.

«Кейбір сарапшылар мұны «ОПЕК дәуірінің аяқталуы» деп бағаласа, халықаралық мамандар әзірге сақ болжамдар жасаумен шектеліп отыр. Жағдай нағыз баға соғысына әкеле ме, жоқ па, оны дөп басып айту қиын», – деп атап өтті министр.

Қазақстанның «қауіпсіздік жастығы»

Қазақстан үкіметі мұндай жағдайға алдын ала дайын. Елдің макроэкономикалық болжамы үш түрлі сценарий: базалық, оптимистік және пессимистік бойынша жасалады.

Биыл пессимистік сценарий бойынша мұнай бағасы барреліне 50 доллар деп есептелген. Бұл – тіпті нарықта баға күрт түскен күннің өзінде мемлекеттің негізгі міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беретін көрсеткіш.

«Біз әр кезеңде баға төмендеген жағдайда бюджеттің қай шығыстарын тоқтататынымызды нақты білеміз. Сондықтан уайымдауға негіз жоқ. Жақын арада Қазақстанды үлкен сілкіністер күтіп тұр деп ойламаймыз», – деді Серік Жұманғарин.

Министр әлемдік нарықта ОПЕК мүшелері ғана емес, баламалы өндірушілердің де барын еске салды. АҚШ, Сауд Арабиясы және Венесуэла сияқты ірі ойыншылар нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға қауқарлы.

Қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі 2027-2029 жылдарға арналған бюджет болжамын дайындауға кірісіп кетті. Бұл жоспарлау жұмыстары сыртқы нарықтағы кез келген құбылмалылықты ескере отырып жүргізілмек.