
Көлік министрлігі Астанадан Германияға ұшып шығып, Ақтөбеге қонуға мәжбүр болған рейске қатысты тергеп-тексеру бастады. Ведомство оны ауыр оқиға ретінде бағалап отыр. Ақпарат жинау үшін оқиға орнына Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері барады.
Министрлік мәліметінше, рейстің бағытын өзгертуіне техникалық мәселе себеп болған.
«Авиациялық оқиға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болды. Астана әуежайынан ұшып шыққаннан кейін әуе кемесінің экипажы қозғалтқыштардың бірінің істен шығуына байланысты PAN-PAN шұғыл дабылын жариялады. Осыған байланысты экипаж Ақтөбе қаласының қосалқы әуежайына қону туралы шешім қабылдады», – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бүгін Air Astana компаниясының Астанадан Германияға шыққан ұшағы шұғыл қонуға мәжбүр болған еді. Бортта 93 жолаушы болған, оның ішінде төрт бала мен бір нәресте және экипаждың тоғыз мүшесі бар. Ешкім зардап шеккен жоқ. Жолаушыларды одан әрі тасымалдау үшін компания Алматыдан резервтік ұшақ жіберіп, Ақтөбе қаласынан сағат 14.20-те ұшып шыққан.