
Шымкентте командирді өлтіріп, әскери бөлімді жарып жіберуге шақырған сарбаз 5 жылға сотталды. Қылмыстық іс Шымкенттің әскери сотында қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, Имран Салманов 2024 жылдың күзінде Ұлттық ұлан сарбазы қатарына қабылданған. Ол 2017 жылдан бастап Шамиль Басаев пен Әмір Ибн әл-Хаттаб туралы ақпарат жинай бастаған.
«Ол «кәпірлерге» қарсы күш қолдану керек екенін алға тартып, «шабуыл жасау», «соғысу», «ескерту жасамай өлтіру» керек екенін мәлімдеген. Сондай-ақ әскери қолбасшылық өкілдеріне шабуыл жасау тәсілдерін ұсынып, «әскери бөлімді бомбалау» немесе «командирді өлтіру» туралы айтып, мұндай әрекеттерді «ерекше» әрі «мұсылманға лайық» деп атаған», – делінген іс материалдарында.
Сотталушы Салманов сот отырысында өзіне тағылған айыпты мойындамай, 2017 жылдан бастап дінді түсіну мақсатында исламды зерттей бастағанын айтты. Өзін сүннит бағытын ұстанатын мұсылман деп есептейтінін мәлімдеген.
Осылайша бас бостандығынан айырмауды сұраған. Сот үкімімен Имран Салманов 5 жылға сотталды.
Бұған дейін Жаркентте әскери Дархан Дәулетті өлтіргендер 10 жылдан 15 жылға дейін сотталды. Арасында үш сарбаз бен бір майор бар.