Жаңалықтар

Waka Waka-дан кейінгі жаңа хит: Шакира Әлем чемпионатына жаңа ән шығарды

фото: instagram

Әйгілі колумбиялық әнші Шакира футболдан 2026 жылы өтетін Әлем чемпионатына арналған үшінші ресми әнін таныстырды. Бұл туынды алдағы маусымда Канада, АҚШ және Мексика стадиондарында шырқалмақ.

Жаңа хит: Dai Dai

Шакираның кезекті туындысы Dai Dai деп аталады. Бұл жолы әнші нигериялық танымал орындаушы Burna Boy-мен бірлесіп жұмыс істеген. Латын америкалық ырғақтар мен африкалық афробит стилі тоғысқан туынды қазірдің өзінде жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып жатыр.

Шакира футбол әлемінің бойтұмары

Айта кетсек, Шакираның 2010 жылы Оңтүстік Африка елінде өткен әлем чемпионатына арнап шығарған Waka Waka әні осы күнге дейін футбол тарихындағы ең үздік гимн саналады. Сондай-ақ 2014 жылы Бразилияда La La La атты ресми саундтрегін жазған еді.

2026 жылғы мундиальдың ерекшелігі

Футболдан кезекті Әлем біріншілігі тура бір айдан кейін Мексика мен ОАР құрамалары арасындағы матчпен басталады.

Бұл турнир футбол тарихындағы ең ірі жарыс болмақ, өйткені алғаш рет мундиальда 48 команда бақ сынайды. Ойындар бір мезгілде үш мемлекетте Канада, АҚШ және Мексикада өтеді.