Қоғам

Жаңа парламентте депутат этикасы жөнінде кеңес құрылады

Енді отырыстардағы сөйлеу мәдениеті мен тәртіп қатаң бақыланады/фото: Асқар Ахметуллин

Жаңа бір палаталы парламентте депутат этикасы жөніндегі кеңес құрылады. Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның сөзінше, «Құрылтай туралы конституциялық заң» нормаларына сәйкес, енді отырыстардағы сөйлеу мәдениеті мен тәртіп қатаң бақыланады.

Айдос Сарым сөйлеу мәдениетінің бақылануы әлемдік тәжірибеде бар екеніне айтып, британ парламентін мысал етті.

«Англияда айтуға болмайтын сөздердің тізімі бар. Бізде әзірге ондай жоқ, бірақ сөйлеу және өзін ұстау мәдениетін қалыптастыру қажет», – дейді Сарым.

Журналистер мәжіліс депутатынан әріптестерінің кейде әлеуметтік желіде дауласып қалатынын, жеке басқа қатысты пікір айтатынына қатысты да сұрады. Сөзінше, мұндайды сот арқылы немесе этика комиссиясы арқылы шешуге болады.

Айта кетейік, жаңа бірпалаталы парламент «Құрылтай» деп аталады. Құрылтай 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады.