Экономика

Samsung триллион долларлық компанияға қалай айналды

фото: Economist.com

Samsung компаниясының нарықтағы құны 1 триллион доллардан асып, тарихи рекорд орнатты. 6 мамырда компания акциялары 15 пайыздан астамға қымбаттап, Samsung бұл деңгейге жеткен Азиядағы екінші компания атанды. 8 мамырдағы сауда қорытындысы бойынша акция құны 268 500 вонаны құрады. Бұл өсімге жасанды интеллект саласындағы жаппай қызығушылық пен инвесторлардың сенімі тікелей әсер етті. Мамандардың айтуынша, компания акциялары қазіргі уақытта өзінің ең жоғары деңгейіне жетіп, қарқынды дамып келеді.

Мұндай жоғары көрсеткіштер компанияның бірінші тоқсандағы табысты есебінен кейін тіркелді. Samsung-тың чип шығаратын бөлімі жасанды интеллект құрылғылары мен деректер орталықтарына арналған жабдықтардың арқасында пайдасын өткен жылмен салыстырғанда 48 есеге арттырды. Қазіргі уақытта әлемдік нарықта чиптерге сұраныс жоғары, бірақ ұсыныс шектеулі болғандықтан, Оңтүстік Кореядан экспортталатын өнім көлемі де күрт өскен.

Сондай-ақ Apple компаниясының өз құрылғыларына қажетті чиптерді АҚШ аумағында өндіру үшін Samsung және Intel-мен алдын ала келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат компания акцияларының өсуіне қосымша серпін берді. Егер бұл келісім іске асса, Apple өзінің негізгі серіктесі TSMC-ге ғана тәуелді болмай, өндірісті әртараптандыра алады. Бұл жаңалық Samsung-тың нарықтағы беделін нығайтып, кореялық өзге де чип өндірушілердің акцияларының өсуіне жол ашты.

Бүгінде жасанды интеллекттің негізгі қозғалтқышы саналатын жоғары жылдамдықты жады чиптері Samsung үшін басты табыс көзіне айналды. Компания әлемде бірінші болып алтыншы буынды HBM4 чиптерін жаппай шығаруға кіріскенін мәлімдеді. Бұл бөлшектер болашақта Nvidia-ның ең қуатты жүйелерінде күрделі тапсырмаларды орындау үшін қолданылады деп күтілуде. Осылайша, Samsung жасанды интеллект дәуірінде өз орнын нығайту үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Еске сала кетейік, әлемдік нарық көшбасшылары: ең ірі 10 компания тізімі жаңарды