
Алматыдағы екі автобус паркіне ауаға зиянды заттардың шығарылу нормасын асырған үшін 13,3 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Экологтар №3 автобус паркін тексеру барысында ондаған заңбұзушылық анықтаған. Тексеру кезінде паркте тіркелген 289 автобустың 249-ы қаралып, олардың 50-інде катализатор жоқ екені анықталды. Ал катализатор зиянды шығарындыларды азайтатын маңызды құрылғы.
Экологтардың айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін NEO City TRANS және TALAP T автобус парктерінде де тексеріс жүргізіліп, кейбір көліктерден зиянды қалдықтардың нормадан асқаны анықталған.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы 13,3 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді.
Айта кетейік, бұған дейін Өскемен әуежайына авиаотын бағасын көтергені үшін 8,9 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.