
Ливан билігінің хабарлауынша, Израильдің ел аумағына жасаған бірқатар шабуылынан кем дегенде 39 адам қаза тапты.
Бұған жауап ретінде «Хезболла» радикалды тобы Израильдің солтүстігіне және Ливанның оңтүстігіндегі израильдік әскерлерге зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы берді.
BBC мәліметінше, Израиль авиациясының негізгі соққылары Ливанның оңтүстігіне бағытталды. Израиль әскерилері Иран қолдайтын қарулы топтың инфрақұрылымы мен оған қатысы бар тұлғаларды нысанаға алғанын алға тартты.
АҚШ президенті Дональд Трамп 16 сәуірде Израиль мен Ливан үкіметтері арасындағы оқ атуды тоқтату туралы келісімді жариялағаннан бері Израиль мен «Хезболла» бір-біріне соққы беруді тоқтатпай келеді. Уағдаластыққа қарамастан, тараптар бір-бірін бітім шартын бұзды деп айыптап, қақтығысты жалғастырып келеді.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ең жойқын шабуылдардың бірі елдің оңтүстігіндегі Сайда қаласына жақын орналасқан Айн-эд-Дельб ауданында болды. Онда тұрғын үйлер қирап, ондаған адам үйінді астында қалған.
Жергілікті биліктің нақтылауынша, Израиль мен «Хезболла» арасындағы әскери шиеленіс басталғалы бері Ливанда 2 795 адам қаза тапқан.
«Хезболла» бұған жауап ретінде Израильдің солтүстігіне дронмен соққы жасады. Израиль әскерилері бұл шабуылдан үш сарбаздың жараланғанын хабарлады.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, соңғы бір аптада бүкіл ел аумағында Израиль шабуылдарынан 120-дан астам адам, соның ішінде әйелдер мен балалар мерт болған.
Айта кетейік, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливандағы «Хезболла» қозғалысының нысандарына қуатты соққылар жасау туралы бұйрық берген еді.