
Маңғыстау облысы Таушық ауылының көшелерін таудан аққан қарғын су басты. Лай үйлердің аулаларына дейін кірген. Бұл туралы жергілікті Lada басылымы хабарлайды.
Нөсерден кейін пайда болған қарғын тау жақтан 10 мамырда Таушық ауылына жетті. Үйлердің дәл қасынан ағып жатқан қарқыны күшті лай суды тұрғындар видеоға түсіріп алды.
Видео авторы ауылды Венецияға теңеген.
Таушық әкімдігінің басылымға хабарлауынша, қарғын елдімекеннің жекелеген көшелерімен жүріп өтіп, табиғи арнамен теңізге қарай ақты.
«Үйлердің кейбірінің ауласына ғана су кірді, бірақ баспаналарды баспады. Ешкім зардап шеккен жоқ. Мал өлімі туралы мәлімет жоқ. Жағдай бақылауда. Қазір ауа райы бірқалыпты, тұрғындарға қауіп жоқ», – деген әкімдіктегілер.
Жергілікті атқарушы мекемелер көшелерді лайдан тазарту жұмыстарына кіріскен.
