
13-14 мамыр күндері Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік сапармен Астанаға келеді. Оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақырды, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекеттер басшылары екіжақты байланыстардың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылайды.
Бұған қоса президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізеді.
Ал 15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті ұйымдастырылады.
Жиында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбы талқыланады.
Түркия Қазақстан тәуелсіздігін әлемде ең алғашқы болып мойындаған мемлекет. Анкара 1991 жылғы 16 желтоқсанда, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін небәрі бірнеше сағат ішінде ресми түрде таныды. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылғы 2 наурызда орнады.