
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Түркияның Анталия қаласында жол апатынан қаза тапқан жас жігіттің қырғыз азаматы екенін мәлімдеді. Бұған дейін түрік баспасөзі Құбат Аманбековті Қазақстан азаматы деп таратқан.
Министрлік түрік тарапынан Анталияда 11 мамырға қараған түні болған жол апаты туралы мәлімет сұратып, 27 жастағы марқұмның Қырғызстан азаматы екенін анықтаған.
Естеріңізге сала кетейік, бес жұлдызды қонақүйлердің бірінде бармен болып істеген Аманбековті велосипедпен жұмыстан қайтып келе жатқан уақытта такси көлігі қағып кеткен. Түрік баспасөзінің мәліметінше, қайғылы оқиға түнгі сағат үштер шамасында қаланың Серік ауданында болған.
Куәгерлер жедел жәрдем мен полиция шақыртқан. Дәрігерлер Құбаттың жол жерде жан тапсырғанын анықтаған.
Көлік жергілікті CI компаниясына тиесілі екені мәлім. Жүргізушіні полиция бөліміне жеткізіп, сол жерде тергеді.