
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның ядролық мәселесін шешіп беруге көмектескісі келеді. Мемлекет басшысы 11 мамырда өткен кездесуде осылай деп мәлімдеді.
Дүйсенбі күні Тоқаев Бразилияның сыртқы істер министрі Мауро Виейраны қабылдады. Ақорда таратқан мәліметке қарағанда, шағын топпен өткен кездесуде президент халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелеріне тоқталды.
Бұдан бөлек, БҰҰ және оның құрылымдарын реформалау жайы, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуал қарастырылды.
«Мемлекет басшысы еліміз ізгі ниет таныта отырып, Ирандағы ядролық проблематиканың шешілуіне септігін тигізуге дайын екенін мәлімдеді. Ол үшін тиісті халықаралық уағдаластыққа қол жеткізіліп, аталған мәселе нақты іске ұласуы қажет», – делінген ресми ақпаратта.
Тоқаев Қазақстанның атом қуатын МАГАТЭ бақылауымен тек бейбіт мақсатта пайдалануға бейіл екенін растады.
МАГАТЭ-нің аз байытылған уранды сақтайтын әлемдегі жалғыз банкі Қазақстан аумағында орналасқан.