Жаңалықтар

Тоқаев вице-премьер Нәлібаевты Ақордада қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрлыбек Нәлібаев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрлыбек Нәлібаев / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Вице-премьер қызметіне жақында ғана тағайындалған шенеунік президентке өнеркәсіпті дамыту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде баяндаған.

Ресми ақпаратта Нәлібаевтың мемлекет басшысына өңдеу өнеркәсібінде жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстар туралы ақпарат бергені айтылған.

«Премьер-министрдің бірінші орынбасары қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жоспарына тоқталды», – деп таратты Ақорда.

Сонымен бірге вице-премьер көлік-логистика инфрақұрылымы мен құрылыс саласын дамыту жайында айтқан.

Кездесу соңында Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, отандық тауар өндірушілерді қолдауды және алдағы жылу беру маусымына дайындық шараларын бақылауды күшейту жөнінде тапсырма берген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қызылорда облысын басқарған Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне 6 мамырда тағайындалған. Ал оның орнына Сыр өңіріне Мұрат Ергешбаев әкім боп барған.