Жаңалықтар

Алматыда бір күнде жарты айлық жауын-шашын түсті

ауа райы қыс қар аралас жаңбыр
фото: shutterstock

Алматы қаласында соңғы тәулікте жауын-шашынның рекордтық мөлшері тіркелді. Синоптиктер мен қалалық қызметтердің мәліметінше, небәрі бір күн ішінде қалаға мамыр айына тиесілі айлық норманың жартысынан астамы жауып үлгерген.

10 мамыр сағат 11:00-ден 11 мамыр сағат 20:00-ге дейінгі аралықта қала аумағына 50,4 мм жауын-шашын түсті. Бұл мамыр айына белгіленген айлық норманың (99 мм) тура 51 пайызы. Мұндай қысқа мерзімдегі мол жауын қаланың дренаждық жүйесі мен инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ салды.

Төтенше әрекет ету шаралары

Су басудың алдын алу және салдарын жедел жою мақсатында қалалық коммуналдық қызметтер мен Төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Тәулік бойы қала көшелерінде 3080 жол жұмысшысы мен 1225 арнайы техника жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар департаментінен 53 арнайы техника мен 240 қызметкер тартылды.

Су тасқынының алдын алу үшін 2300 құм толтырылған қап дайындалып, қауіпті аймақтарға бөлінді. Ассенизаторлық көліктер мен 15 мотопомпа су айдау жұмыстарына кезекшілікке кірісті.

Синоптиктердің болжауынша, жауынды ауа райы әлі де жалғасуы мүмкін. 12 мамыр күні қаланың кей жерлерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Ал 13 мамыр жауын-шашын тоқтап, күн райы ашылады, бірақ бұлтты ауа райы сақталады.