Қоғам

Астанада Бишімбаев пен Нүкенованың бауырлары соттасты

Бишімбаева Амангелдіге 100 теңге төлеуге міндетті/коллаж kursiv.media

Астанада Аружан Бишімбаева мен Айтбек Амангелді соттасты.

Аружан Бишімбаева – 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қарындасы.

Айтбек Амангелді – Қуандық Бишімбаевпен азаматтық некеде болған марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы.

Даудың басы

Екеуінің арасындағы дау Айтбек Амангелді «Ее звали Салтанат» кітабын шығарғаннан кейін туған.

Аружан Бишімбаева 2025 жылдың қарашасында Instagram желісінде Айтбекке қарата ойын жазған.

Бишімбаева «Мына сорлы кітабын сатып қиналып жатқан екен ғой. Аллах-Аллах, мұндай туыстардан Алла сақтасын. Бұлар ол қызды ешқашан тыныш қоймайтын сияқты ғой» деген.

Сондай-ақ Бишімбаевтың атын атап, он шақты сұхбат бергенін, сол арқылы хайп жасап жүргенін жазған.

Артынша Амангелді қыздың бұл жазғандары ар-намысына, іскерлік беделіне нұсқан келтіргенін айтып, сотқа жүгінген.

Сот шешімі

Сот тараптардың уәжін ескере келе, Аружан Бишімбаеваны әлеуметтік желіде жазғанын жоққа шығаруға міндеттеді. Сондай-ақ Айтбек Амангелдіге моральдық шығын ретінде 100 теңге төлейтін болды.

Сонымен қатар істегі 1 127 000 мың теңге шығынды өтеуге міндетті.

Қуандық Бишімбаев ісі

2024 жылдың 13 мамырында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Байжановты 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. 

2025 жылдың шілдесінде Бақытжан Байжановтың жаза мерзімі қысқарды. Амнистия туралы Заңға сәйкес, сотталған Байжановтың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі 1/3-ке қысқартылып, қалған өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді.