
Қайын жұртын өлтірді деген күдікке ілінген атыраулық Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық іс 2026 жылдың 18 мамырында басталады. Бұл туралы жергілікті «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
Сот ашық өтетіні айтылды.
Атыраудағы жұмбақ өлім
2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.
Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе бастапқыда отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды.
Содан кейін екеуінің де күдікті деп танылғаны айтылды. Олар Индонезияда ұсталды. Күдіктілерді ұстауға Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.
Полицияның хабарлауынша, бұрынғы ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.
