Жаңалықтар

«Балапан» арнасы желіде туындаған дауға қатысты ресми мәлімдеме жасады

коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Балапан телеарнасының продюсері әрі туысы болып келетін адамнан зорлық көргенін айтқан желі қолданушысының мәлімдемесіне телеарна мен кезінде ұжымға басшылық еткен белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы пікір білдірді.

2012-2017 жылдар аралығында арна тізгінін ұстаған Ләйлә Сұлтанқызы арна атын мұндай ауыр айыптауға негізсіз араластырмауды сұрады. Оның айтуынша, телеарна көптеген аутсорсингтік компаниялармен келісімшарт негізінде жұмыс істейді.

«Канал – тапсырыс беруші, ал компания орындаушы. Әр компанияда жүздеген адам жұмыс істейді, олардың бәрін арна қызметкерлерінің тануы мүмкін емес. Егер нақты заңсыздық болса, адам алдымен арыз жазып, ресми тексеріс бастатуы керек еді», – деп жазды тележүргізуші.

Ал Balapan телеарнасы 2010 жылдан бері арна құрылымында «продюсер» лауазымында ер адам қызмет етпегенін мәлімдеп, адамдарды тек ресми әрі тексерілген ақпаратқа сенуге шақырды.

Бұған дейін, Нұрғали Нұғман деген желі қолданушысы «Балапан» телеарнасында жұмыс істеп жүргенінде продюсер тарапынан зорлық көргенін мәлімдеген. Алайда кейін мәлімдемесінде айтылған жайттар «Balapan» телеарнасына емес, коммерциялық жобаға қатысты болғанын нақтылап, арна ұжымынан кешірім сұрады.

Нұрғалидің үндеуіне байланысты әрқилы көзқарас қалыптасты. Бірі оны аяп, зорлықты айыптап жатса, кейбіреулер оның сөздеріне күмәнмен қарап, әрекетін хайпқа балайды.

Желі қолданушысының өзі қоғамдық резонанс тудырған оқиғасының арасында Қытайдан тауар жеткізетін байер екенін айтып, шулы үндеуінің жалғасын көру үшін парақшасына, телеграм арнасына жазылуға шақырып жатыр.