Жаңалықтар

Биылғы егіс маусымында диқандарға жағармай қанша теңгеден сатылып жатыр

Жағармайдың көтерме бағасы белгілі болды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Биылғы егіс маусымда дизель отынының бағасы өңірлердегі белгіленген бекеттерге дейін (ҚҚС-ты есепке алғанда) литріне 263 теңгені құрап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

Ал өңірлерде операторлардың шығындарын ескере келе, шаруалар үшін түпкі баға литріне 281 теңгені құрауы мүмкін.

Бұл көрсеткіш жанармай бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасынан 15%-ға немесе 49 теңгеге арзан, ол егіс жұмыстарының өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізбек.

2026 жылдың қаңтар айында ҚР Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп, алдағы көктемгі егіс науқанын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету кестесін бекіткен.

Ресми құжатқа сәйкес, 1 ақпан мен 30 маусым аралығында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне (АШТӨ) 402,2 мың тонна дизель отыны жеткізілмек.

Бөлінген арзан отынның мақсатсыз жұмсалуының алдын алу үшін және оның қозғалысын қатаң қадағалау мақсатында 2024 жылдан бастап енгізілген келесі қауіпсіздік шаралары биыл да өз жалғасын табады. Әрбір партияның қозғалысын қадағалау үшін жеке идентификациялық код бекітілген.

Дизель отынының нысаналы пайдаланылуын айқындау үшін ол сары, көк және қызыл түстерге боялады. Оған қоса Электрондық шот-фактуралар жүйесінде ауыл шаруашылығына арналған отынның айналымын бақылайтын жеке виртуалды қойма жұмыс істейді.