
Қазақстан Ұлттық Банкі электрондық ақшамен жұмыс істеу ережелеріне бірқатар маңызды өзгерістер енгізді. Жаңа талаптар төлем чектерінің мазмұнына, ақша аударымдарының ашықтығына және киберқауіпсіздік мәселелеріне тікелей қатысты.
Өзгеріс электрондық әмияндар мен төлем жүйелері арқылы жасалатын операциялардың қауіпсіздігін арттыруды көздейді.
Төлем чегінде жаңа деректер енгізілмек
Енді электрондық ақшамен төлем жасаған кезде берілетін чектерде ақпарат бұрынғыдан әлдеқайда көп болады.
Чек қағаз немесе электрондық нұсқада берілсе де, онда мына деректер міндетті түрде көрсетілуі тиіс: төлем сомасы, күні мен уақыты, чектің реттік нөмірі, кәсіпкердің немесе компанияның ЖСН/БСН нөмірі, транзакция коды және ақша жіберуші мен алушының электрондық әмияндарының идентификаторлары.
Бұған қоса, чекте оператордың байланыс нөмірі, төлем делдалдары туралы мәлімет және ақшаның нақты қай банктегі шотқа түсетіні туралы ақпарат жазылуы шарт.
Егер төлем үшінші тараптың қызметіне ақы төлеу үшін делдалдар арқылы жүргізілсе, төлем ұйымы сол аударымға қатысқан барлық қатысушылардың тізбегін чекте немесе операция мәліметтерінде толық көрсетуге міндеттеледі.
Киберқауіпсіздіқ қалай сақталады
Жаңа ережелер киберқауіпсіздік мәселесіне де көңіл бөледі. Электрондық ақша жүйесінің операторлары енді арнайы киберқауіпсіздікті басқару жүйесін құруға және оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге міндетті.
Олар цифрлық инфрақұрылымды қорғаудың ішкі ережелерін бекітіп, жүйенің қауіпсіздік деңгейін жылына кемінде бір рет тексеріп тұруы қажет.
Төлем ұйымдары үшін тағы бір талап – киберқауіпсіздікке жауапты жеке бөлімше құру немесе арнайы маман тағайындау.
Бұл қызметкер жүйені құрастырумен айналысатын бөлімдерден тәуелсіз болуға тиіс. Барлық киберинциденттер туралы мәліметтер жүйеленіп, кемінде бес жыл бойы сақталады.
Операторлар кез келген қауіпті жағдайларды, соның ішінде хакерлік шабуылдарды (DDoS-шабуылдар), жүйеге рұқсатсыз кіру әрекеттерін, вирустардың таралуын немесе ақшаның заңсыз аударылу фактілерін Ұлттық Банкке хабарлауға міндетті.
Мұндай ақпарат оқиға анықталған сәттен бастап 48 сағаттан кешіктірілмей жолдануға тиіс.
Барлық мәліметтер Ұлттық Банктің арнайы платформасы арқылы беріледі, ол үшін төлем ұйымдары тұрақты статикалық IP-мекенжайды пайдалануы қажет.