Жаңалықтар

Есік қаласында інісі туған ағасын 16 жерінен пышақтап өлтірді

фото: KursivMedia мұрағаты
фото: KursivMedia мұрағаты

Алматы облысы Есік қаласында хабарлама арқылы балағаттағаны үшін інісі туған ағасын 16 жерінен пышақтап өлтірген.

Осы іс бойынша жақында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 34 жастағы Камиль Худайбердиевке қатысты үкім жарияланды. Ол туған ағасы Бахтияр Худайбердиевті өлтіргені үшін айыпты деп танылды.

Қайғылы оқиға биыл 11 ақпанда Есік қаласында болған. Таңертең Камиль баласын балалар орталығына апарып келе жатып, жолда ағасынан WhatsApp арқылы бірнеше хабарлама алған. Онда балағат сөздер болған.

Ағалы-інілі екеу алдымен телефон арқылы сөйлесіп, дауласқан. Сосын көзбе-көз тәжікелесуді жөн көреді.

Соңында Худайбердиевтер Бахтиярдың үйінің маңында кездесіп, қайта жанжал шығады. Сол сәтте Камиль қалтасынан пышақ шығарып, ағасына бірнеше рет соққы жасаған.

Жалпы алғанда, Камиль Бахтиярға 16 рет пышақ сұғып, жүрегіне, бауырына, бүйрегіне, өкпесіне және ішегіне зақым келтірген. Сондай-ақ қол-аяғына да сұққан.

Бахтияр Камильдің қолында жан тапсырды. Ал күдікті марқұмның денесінен кешірім сұраған. Оқиға орнына ағайындылардың өзге екі бауыры келген. Бұл уақытта Бахтиярдың денесі суып үлгеріпті.

Қылмыстық іс қысқа мерзімде тергелген. Камиль кінәсін бірден мойындады. Ал жәбірленуші ретінде танылған үшінші бауыры Тимур Худайбердиев оған кешірім берген. Сондықтан сот ең төменгі жаза – 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Айта кететін жайт, 12 сәуірде Талғар ауданындағы Гүлдала ауылы мейрамханаларының бірінде оншақты адам 20 жастағы жігітке жабылып, пышақтап кетті.