
Желіде бала күнінде зорлық-зомбылық көргені туралы бейнежазба жариялаған Нұрғали Нұғманның мәлімдемесіне қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті ресми пікір білдірді.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әлеуметтік желіде жарияланған бұл бейнеүндеу бойынша материал белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазіргі уақытта жайттың мән-жайын анықтау мақсатында процессуалдық тексеру жұмыстары басталды.
Полиция бақылауында
Тәртіп сақшылары жарияланымда айтылған барлық деректерді, сондай-ақ оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін тұлғалар мен куәгерлерді анықтауға бағытталған кешенді іс-шараларды жүргізіп жатыр.
«Мұндай мәлімдемелер, әсіресе балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері құқықтық бағасыз қалмайды және ерекше бақылауда болады», – деп атап өтті қалалық ПД өкілдері.
Заң шеңберіндегі шаралар
Полиция тексеру жұмыстарының жан-жақты, толық және объективті жүргізілуін қамтамасыз ететінін жеткізді. Егер бейнежазбада айтылған фактілер расталса, кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылатын болады.
Бұған дейін, Нұрғали Нұғман деген желі қолданушысы «Балапан» телеарнасында жұмыс істеп жүргенінде продюсер тарапынан зорлық көргенін мәлімдеген. Алайда кейін мәлімдемесінде айтылған жайттар «Balapan» телеарнасына емес, коммерциялық жобаға қатысты болғанын нақтылап, арна ұжымынан кешірім сұрады.