
Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) биылғы маусымдағы еурокубок турнирлерінің ортақ кезеңіне қатысқан 108 клубқа қанша сыйақы берілетінін жариялады.
Sports.kz мәліметінше, лондондық «Арсенал» клубы табыс бойынша көш бастап тұр. Клуб 143,2 миллион еуро сыйақыға ие болды. Бұл- барлық еурокубок қатысушылары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар алғаш рет Чемпиондар лигасының ортақ кезеңінде өнер көрсеткен алматылық «Қайраттың» нәтижелсі үлкен қызығушылық тудырды. Қазақстандық клуб 21,2 миллион еуро (11 млрд 617 млн теңге) табыс тапты. Бұл еурокубок қатысушылары арасындағы ең төменгі көрсеткіш.
Басқа турнирлердегі жағдайға тоқтала кетсек, Еуропа лигасында ең көп табысты ағылшынның«Астон Вилласы» иеленіп, шамамен 35 миллион еуро табыс тапты, ал швециялық «Мальмё» клубы 6,6 миллион еуроны қанағат тұтып, ең аз үлес алған команда болды.
Конференция лигасында 17,8 миллион еуро сыйақы алған испандық «Райо Вальекано» көш бастаса, ең төменгі көрсеткіш 4,4 миллион еуро көлеміндегі табысымен ирландиялық «Шелбурн» клубында тіркелді.
Турнир кестесіндегі нәтижелерге қарамастан, маусым «Қайрат» үшін тарихи маусым болды.
Команда алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығып, сегіз матч өткізді. Нәтижесінде бір ұпай жинап, 36-шы орынға тұрақтады.
Соған қарамастан, мұндай деңгейдегі турнирге қатысу клубқа қомақты қаржылық пайда әкеліп қана қоймай, үлкен спорттық тәжірибе сыйлады және халықаралық мәртебесін арттырды.