
Kursiv Media Қазақстандағы демографиялық ахуалға талдау жасап, соңғы 20 жылдағы қаңтар-наурыз айларындағы туу көрсеткіштерінің динамикасын зерттеді. Нәтижесі бала туу көрсеткіші төмендегенін байқатып отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2026 жылдың бірінші тоқсанында дүниеге келген сәбилер саны небәрі 74 067-ні құрады. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (77 345) 4,2%-ға кем.
Егер көрсеткішті бэби-бум байқалған 2021 жылмен (100 454 сәби) салыстыратын болсақ, тіпті 26,2%-ға құлдырағанын көреміз. Яғни, бес жыл ішінде туу көрсеткіші төрттен бір есе азайып отыр.
Динамикаға көз жүгіртсек, туу көрсеткішінің тұрақты өсімі 2021 жылғы шыңнан кейін кілт тоқтаған. Содан бері жыл сайынғы төмендеу қарқыны үдеп келеді.
Мәселен, 2022 жылы туған балалар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,8%-ға, 2023 жылы 2,1%-ға, ал 2024 жылы 1,8%-ға азайған болса, соңғы екі жылда процесс тіпті жылдамдап, 2025 жылы бірден 15,7%-ға күрт құлдыраған.
Салыстыру үшін айтсақ, 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы деректер тіпті 2007 жылғы деңгейден де (77 803) төмен түсіп, соңғы екі онжылдықтағы ең нашар көрсеткіштердің біріне айналып отыр.
Экономикалық белгісіздік, инфляция және өмір сүру салтының өзгеруі сияқты факторлар осы тенденцияның негізгі себептері болуы ықтимал.
Дегенмен, қазіргі жағдай ұзақ мерзімді демографиялық және экономикалық жоспарлауға айтарлықтай әсер ететіні анық.
Айта кетейік, халықтың 50,6%-ы оңтүстік өңірлерде шоғырланған.