Қоғам

Шымкентте колонияда отырған әйел бюджеттен 1,3 млрд теңге жымқырған

Мемлекетке 1,3 млрд теңге шығын келген/shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Шымкентте колонияда отырып, білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқырғандарға қатысты тергеу аяқталды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, 2018-2023 жылдары «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС құрылтайшысы схема ұйымдастырған.

Бір қызығы схеманы ұйымдастырушы әйел бұған дейін жасаған қылмысы үшін кейінгі 3 жыл бойы бас бостандығынан айыру орындарында отырған. Заңсыз әрекетті сол жерде отырып басқарған.

Қылмыс схемасы

Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік берген.

Қылмыс схемасына колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де тұлғалар қатысқан.

Ал медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделген.

«Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджет қаражатын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 1,3 млрд теңгеден асты», – делінген ақпаратта.

Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге залалды ерікті түрде өтеген. Сот санкциясымен 3 пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы пәтерге, 3 тұрғын үйге және 3 автокөлікке тыйым салынды.

Екі күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы үш тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Бұған дейін ҚМА дәрі сату барысында мемлекетке 3,7 млрд теңге залал келтірген компанияны анықтады.