Қоғам

Сотталған Қайрат Сатыбалды Алматыдағы әскери колледжге барды

Қайрат Сатыбалды әскери колледжге барды/фото: kursiv.media

Алты жылға сотталып, артынша колониядан босатылған Қайрат Сатыбалды әскери оқу орнына барды.

Қайрат Сатыбалды ісі

Қайрат Сатыбалды 2022 жылы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айыпталды. Сот барысында ол тағылған айыпты мойындады.

Араға екі жыл салып, 2024 жылы бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге ауысты.

Алматыда бой көрсетті

Бостандыққа шыққаннан кейін Сатыбалды төңірегінде ақпарат сиреді. Тек мемлекетке қайтарылған активтері мен бір кездері иелігінде болған бизнес орталықтар туралы ғана айтылып келді.

2026 жылдың мамырында желіде Қайрат Сатыбалдының Алматыда бір кездері өзі оқыған колледжге барғаны түсірілген видео тарады.

Видео Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған, алайда кейіннен өшірілген. Ол жерде Сатыбалды 1986 жылғы түлектер атынан ескерткішке гүл қою рәсіміне қатысқан.

Қайрат Сатыбалды кім?

Қайрат Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.

Ол 2,5 жыл ішінде мемлекетке құны 783 млрд теңге болатын активін қайтарып берді.

Қайрат Сатыбалдымен қатар бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да сотталды. Екеуі 2005 жылға дейін некеде тұрған. Ортақ 3 баласы (ұлы Бауыржан және екі қызы Аружан мен Дария) бар.