
Алматы облысы Талғар ауданында әкесінің басына барып, құран оқып келе жатқан 24 жастағы жігітті пышақтап өлтіріп кеткен. Себеп – жолға талас.
Бұл туралы әлеуметтік желіде журналист Нұртай Лахан хабарлаған. Марқұмның артында екі қызы әкесіз қалған. Полиция қызметкерлері үш күдіктіні ұстаған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қайғылы оқиға түнде болған. Марқұм інісімен бірге он жыл бұрын қайтыс болған әкесінің қабіріне барып, Құран бағыштап қайтып келе жатқан. Жолда олар көліктің есіктерін ашық қалдырып, жолды жауып тұрған үш жігітті көрген.
Ер адам жолдан өту үшін көліктің есіктерін жабуды сұрағанымен, дөрекі жауап естіген.
Куәгерлердің сөзінше, марқұм жанжал шығармауға тырысып, үйіне келіп тоқтаған. Сол сәтте оны қуып келгендердің бірі екі рет пышақпен өкпе тұсына соққы жасаған. Шабуыл жасаған адам шамамен 20 жаста.
Алматы облыстық полиция департаменті Нұра ауылының 24 жастағы тұрғынының қаза болғанын растады. Ресми дерекке сәйкес, ер адам 11 мамыр күні ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмған.
«Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция жасақтары жіберіліп, блок-бекеттер қойылды. Үш күдікті – марқұмның ауылдастары ұсталды», – деп мәлімдеді полиция.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кететін жайт, Алматы облысы Есік қаласында хабарлама арқылы балағаттағаны үшін інісі туған ағасын 16 жерінен пышақтап өлтірген.