
Таразда Audi тізгініндегі 15 жасар жасөспірім полициядан қашпақ болып, адам өліміне алып келген жол-көлік оқиғасына себепкер болды. Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, патрульдеу кезінде қызметкерлер жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін Audi автокөлігін тоқтатпақ болған.
«Жүргізуші тоқтау туралы заңды талапты елемей, ЖҚЕ-ні өрескел бұзып және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіре отырып, қашып кетуге тырысты», – деп хабарлады полиция.
Қуғын кезінде жүргізуші рөлге ие бола алмай, электр желісінің бетон бағанасына соғылған. Апат салдарынан бір жолаушы қаза тапты. Көлік тоқтағаннан кейін полицейлер рөлде кәмелетке толмаған баланың болғанын анықтады.
«Рөлде көлік жүргізу құқығы жоқ 15 жастағы жасөспірім болған», – деп мәлімдеді ПД.
Кәмелетке толмаған бала ата-анасымен бірге полицияға жеткізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жасөспірімнің көлікке қалай қол жеткізгені анықталуда. Қылмыстық іс аясында көлікті жүргізу куәлігі жоқ адамға берген көлік иесінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі.
«Сонымен қатар, жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу және бақылау бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылады», – деді полициядан.
Ведомство, сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын елемеу және құқық қорғау органдарынан қашуға тырысу ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін және заңда қарастырылған жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Еске салайық, 21 наурыз түнгі сағат 03:30 шамасында, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жол апаты болды. Zeekr маркалы машинасы Mercedes көлігіне соғылып, үш адам да сол жерде тіл тартпай кетті. Ал апатқа кінәлі делінген Zeekr жүргізушісі ауыр жарақат алып ауруханада жатыр.