
Өскемендегі «Қазмырыш» зауытында болған жарылыс кезінде күйік шалған тағы бір ер адам қайтыс болды. Бұл туралы кәсіпорын желідегі парақшасында хабарлады.
«Қазмырыш» апатқа байланысты өндіріс қуаты төмендегенін атап өткен.
«Казцинк компаниясы қайғылы хабарды терең күйзеліспен жеткізеді. 5 мамыр күні Өскемен металлургиялық алаңында болған жазатайым оқиға салдарынан ауыр жарақат алған қызметкерлердің бірі бүгін түнде ауруханада көз жұмды. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Компания қаза тапқан қызметкердің жақындарына және барлық қызметкерлерімізге қажетті қолдау көрсетуде», – делінген хабарламада.
5 мамыр күнгі жарылыстан о баста екі адам қаза тапқан. Бес адам жарақат алған.
Қазіргі уақытта өндірістік алаңдағы апат салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ оқиға бойынша мемлекеттік органдармен бірлескен тергеу жүргізілуде. Зауыт жарылысынан зардап шеккен науқасты Астанаға санавиациямен алып кеткен еді.