
Елде автонесие барған сайын қымбаттап барады. Мамыр айында жаңа жеңіл көліктерге несиенің жылдық мөлшерлемесі 23%-дан басталса, ескі көліктер 35%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы «Бычий звоночек» Telegram-арнасы хабарлады.
Жаңа көліктер мен екінші нарықтың айырмашылығы
Нарықта нақты сегментке бөліну қалыптасқан. Банктер ең тиімді мөлшерлемелерді автосалоннан жаңа көлік алушыларға ұсынады. Ал электр көліктері көбіне бөлек санат ретінде қарастырылып, олар үшін несиелеу шарттары жеңілірек болуы мүмкін.
Ал ескі көліктер нарығында жағдай керісінше, пайыздық мөлшерлеме көбіне 30%-дан төмен түспейді. Осылайша, сатып алушы жаңа көлікті қымбат бағамен алуға немесе ескі көлікті жоғары пайызбен несиеге алуға мәжбүр болады.
Банктер ұсынған мөлшерлемелер
Банктердің ұсыныстары ең төмен мөлшерлемеден, ең жоғары деңгейге дейін көрсетілген. Кейбір жағдайларда көрсетілген пайыздық мөлшерлемелер банктердің ресми сайттарындағы онлайн-калькуляторлар арқылы есептелгені айтылған.
| Банк | Жаңа көлік (ЖТСМ) | Жүрілген көлік (ЖТСМ) |
|---|---|---|
| ForteBank | 23,19–26,6% | — |
| Halyk Bank | 25,5% | 29,3% (электр көліктері үшін 28%) |
| Bank CenterCredit | 26,19–33,7% | 31,9–34,8% |
| Altyn Bank | 27,06–34,49% | — |
| Bereke Bank | 30,85–34,9% | 33,6–34,9% |
| Нұрбанк | 31,86- 34% | 31,86- 34% |
| Еуразиялық банк | 31,89- 35% | 33,18–35% |
| Freedom Bank | 34,6% | 34,6% |
| Kaspi Bank (kolesa.kz) | — | 35% |
Айта кетейік, көрсетілген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) әрдайым қарыз алушыға дәл сол мөлшерлемемен беріледі дегенді білдірмейді. Банктер несие шарттарын бастапқы жарна көлеміне, несиенің мерзіміне, көліктің жасына және клиенттің несие тарихына қарай жиі өзгертіп отырады.
Сонымен қатар, ең төмен мөлшерлемесі бар бағдарламалардың бір бөлігі көбіне тек белгілі бір модельдерге, серіктес автосалондарға немесе қосымша қызметтерді рәсімдеу кезінде ғана қолданылады.
Еске салсақ, Қазақстанда автонесие ипотекамен теңесті. Автонесие сомасы 29,8%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жеткен.